Астанада қысқы ралли-спринттен ел кубогы үшін жарыстар өтіп жатыр
Спорттық темір тұлпар тізгіндеген 40 экипаж мүшелері бүгін көлік бәйгесінің шешуші кезеңінде бақ сынап жатыр.
Оған Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Қарағанды қалаларының әуесқой және кәсіпқой шабандоздары қатысуда. Дәстүрлі жарысқа Ресейден де арнайы көлік тізгіндеп келгендер де бар екен. Айта кеткен жөн, күні кеше осы спорт түрінен ел чемпионатының алғашқы кезеңі өтті. Онда Дархан Елубаев пен Андрей Амелин бастаған елордалық экипаж шашасына шаң жұқтырмай, жарыстың бас бәйгесін еншіледі. Ертең де шабандоздар көлік бәйгесінің бірнеше талаптары бойынша шеберлік байқасады.
Андрей Амелин, жарысқа қатысушы:
– Бұл спортқа мен бұрыннан әуеспін. Осы арқылы өмірде қандай да бір жетістікке деген жігер пайда болады. Жарысқа Mitsubishi Lancer Evolution 8 көлігіммен қатыстым. Осы темір тұлпарыммен бас бәйгелерді еншілеп келемін. Енді ел кубогын жеңіп алуды көздеп отырмыз.
Денис Аксенов, ұйымдастырушы:
– Кеше Қазақстан чемпионаты өтті. Онда шабандоздар кәсіби дөңгелектермен сайысты. Ал бүгін олар кәдімгі тінектері жоқ дөңгелектерімен қатысты. Ертеңгі жарыс бұдан өзгешелеу болады. Спортшылар сәл қалың дөңгелектермен жолға шығарылады. Үш күн бойы үш түрлі бәсеке өтеді.