«Ұшуға жарамсыз» трамплин, 1 орын және Усолканың сәттілік әкелетін мұзы
Көптен күткен бірінші орын! «Самұрық-2016» ралли-спринтінің екінші кезеңінде пилот Андрей Амелин және штурман Дархан Елубаев топ жарды. Жарыстың бірінші күнінің нәтижесі бойынша олардың экипажы «стандарт» төрт жетекті санатта биікке жетті. Павлодардағы жарыс алдында Андрей Усолка өзеніндегі мұз ол үшін «ерекше, сәттілік әкеледі» деген еді.
Жарыстан алған әсерімен бөліскен Андрей:
– Трасса өзгеше, бұл жолы ол басқаша дайындалған. Әдетте «Самұрық» трегіне ескі дөңгелектер орнатылатын. Бұл кезеңде жалаулар болды. Олар кей жерлерде көренбесе де, қызық болды. Ауа райының құбылуына байланысты, мұз ойқы-шойқы, тіс сындыратын жол. Көбінің көлігі бұзылды, біздің машина да қазір жөндеуде, алайда ертеңгі жарысқа дайын болады, – деді.
Пилоттың айтуынша, бірден алған жылдамдық басқаларын басып озуға мүмкіндік берді. Бұл – қарсыластарды бақылауда ұстауға көмектесті. Пилот: «Қалыпты да жылдам жүруге тырыстық», – дейді.
Жарыс ұйымдастырушылары әлеуметтік желілерге шағын, екі метрдей трамплин суреттерін жүктеді. Бұл жер не қызық, не қаупті болып көрінді. Расымен де трассаның бұл бөлігіндегі мұз сәл көтерілді, алайда трамплин көрермендерге ерекше ұнайтын секірулер жасауға мүмкіндік бермеді.
– Трамплин «ұшуға жарамсыз» болды, сондықтан секіру қауіпті. Оған жақындаған кезде, көлікті бұзып алмау үшін жылдамдықты баяулатуға тура келді. Қызығы, одан кейін аса жылдамдықпен жүруге қиын бұрылыс болды. Айтпақшы, сол жерде автокөлікті шетке лақтырып, көп уақыт жоғалттық, – дейді Амелин.
Жарыстың бірінші күніндегі төрт жетекті «стандарт» санатында 8 экипаж бағын сынады. Жалпы Усолка өзеніне 47 қатысушы келді. Павлодарлықтардан 10 экипаж болды. Андрей Амелин жеңіске жеткен санатта павлодарлық Максим Фоминских штурманы Нариман Қабдуәлиевпен бірге үшінші орынға тұрақтады.
Андрей Амелин мен Дархан Елубаев экипажы үшін бұл жеңіс өте маңызды. Өйткені, бірнеше жыл бойына түрлі орындар алып, жеңіске жете алмай, кейін спорттық карьерада үзіліс жасап, жеңіске жету өте үлкен нәтиже. «Самұрықта үш жыл бойына бірінші орын болмады. Бұл расымен де көп уақыт, көптеген сәтсіздіктер, проблемалар да болды. Оларды жоя білдік, эмоциялар жоғары», – деді Андрей.
Ғашықтар күнінде (біздің жағдайымызда автоспротқа махаббат:)), 14 ақпанда ралли-спринтінің ең қызықты – ICE PRO санатында тікенді дөңгелекпен жарыс өтеді.